Ата-аналар жиналысы өткізілді.
Темірбек Қожакеев атындағы №39 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында өткізілген ата-аналар жиналысының
Хаттама №2
Өткізілген күні: 05.11.2021ж
Қатысқандар: Мектеп әкімшілігі, ата-аналар – 158
Күн тәртібінде қаралатын мәселелер:
- Баланы өздігінен оқуға қалай ынталандыруға болады? – психолог А.Талпакова
- Ата-аналар мен балалардың қарым-қатынас психологиясы – психолог А.Талпакова
- Жасөспірімдердің кезеңінің психологиялық ерекшеліктері– психолог А.Талпакова
- Жасөспірімдерге тәрбие берудегі ата-ананың рөлі – психолог А.Талпакова
- «Ерте жүктіліктің ертеңі қандай?» (қыз балалардың құқықтарын көтермелеу мақсатында) – А.Талпакова
- Ата-аналардың балаларын тәрбиелеумен білім берудегі құқықтары мен міндеттері - ДҚТЖО Қ.Нурмахамбетов
- Ата-ана тәрбиесі стилінің баланың тұлғалық дамуына әсері – ДТЖО С.Досмухамбетов
- Жарақаттанудың алдын алу бойынша «Жол жүрісі қағидаларын білу-қауіпсіздік негізі» жол көлік оқиғасының алдын алу – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары (бастауыш сыныптар) Г.Абилдаева
Бірінші мәселе бойынша мектеп психологы А.Талпакова– отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері педагог- ғалымдар С. Қалиев, М.Смайылова, М.Оразаев, С. Ұзақбаева, К. Қожахметова, Ж.Б. Қоянбаевтардың еңбектерінде жан-жақты сөз болған.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған.
Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды.Отбасындағы дене тәрбиесінің мақсаты бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды.
Қазақ халқы еңбекті бүкіл тәрбие жүйесінің күретамыры деп қарастырды. Еңбекке асыл мұрат деңгейінде қарады. Еңбек тәрбиесі деп баланы еңбекке сүйіспеншілікпен, еңбек адамдарына құрметпен қарауға, халық шаруашылығының салаларындағы еңбек түрлеріне баулу, еңбек іс – әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру, болашаққа мамандық таңдауға дайындауды түсінді. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы , өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді.
Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді. Тәрбиенің басқа да салаларымен тығыз байланысты тәрбиенің түрі экономикалық тәрбиеге де қазақ халқы ерекше мән берген. Қазақ халқы бала тәрбиелеуде экономикалық тәрбие деген ұғ,ымды пайдалабағанымен, тәрбиенің бұл түрі отбасында мақал, өсиет айту, өнеге көрсету арқылы жүзеге асқан. Мысалы, «Еңбегі қаттының ембегі тәтті», «Еңбек- өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі», « Еңбек – түбі береке», «Үнемшілдік-сараңдық емес», «Ескі киімді баптағаның, жаңа киімді сақтағаның», «Сараң дүниенің малын жыйса да тоймайды» деген мақалдары дәлел бола алады. Бұл ата-бабамыздың экономикалық тәрбиенің негіздері еңбек тәрбиесінде екенін жақсы түсінгенін байқатады. Қазақ отбасында экономикалық тәрбие арқылы айырбас, бөлісу және табыс табу сияқты негізгі экономикалық қатынастарды тәжірибеде меңгеру жүзеге асты.
Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған.
Қазақ халқының күнделікті кәсібінде, тұрмыс- тіршілігінде төрт-түлік мал бағу, аң аулап кәсіп етуді ұйымдастыруында да экономикалық тәрбиенің нышандары айқын аңғарылады.. Мәселен, «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қой малының пайдасының зор екенін ұғындырса, ешкінің өсімталдығымен оның да пайдасы көп екендігін: «Есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да, есіңді жи» деп нақты ұғымды кеңестер береді.
Ал, ата-бабаларымыздың қоршаған ортаны аялауы мен оған деген,ізгі, мейірбан қарым-қатынасын мақтанышпен айтуға тұрады. Себебі олар көшпенді өмір сүргендіктен әркез өздерін табиғаттың бір бөлігіміз деп есептеген. Жер Анаға деген құрмет пен ізет олардың санасында ғасырлар бойы қалыптасқан.
Сондықтан, экологиалық нормалардың, ережелердің қажеттілігін жастардың мінез-құлқында тәрбиелеу және экологиялық мәдениет дағдысын қалыптастыру әрекеттері қазақ отбасында бала аяғы шығып, апыл- тапыл жүре бастаған кезден-ақ қолға алынған. Мысалы, баланың тұсауын көк шөппен кесудің терең тәрбиелік мәнімен бірге тірі табиғатқа деген көзқарасын білдірген. Қазақ отбасындағы тәрбие құралдарының бірі болып есептелетін тыйым сөздердің мазмұны ата-бабаларымыздың экологиялық тәрбиеге зор мән бергенінің дәлелі болып табылады. Мәселен «суға дәрет сындырма», «көк шөпті жұлма», «отқа түкірме» және т.с.с.
Қазақ халқы адамның сұлулық сезімдерінің тұлға өмірінде зор рөл атқаратынын жете түсінген.Әсемдікті көре, түсіне, жасай білу адамның рухани өмірін байытады және өнер деп білген.Қазақ отбасындағы сұлулық тәрбиесінің мақсаты баланы көркемдік пен сұлулықты тануға, оған баға беруге, күнделікті өмірдегі адамның жеке басының, қатынас, үй-жағдай және киім-кешек мәдениетін,сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасуының қалыптастыру және талғампаздыққа тәрбиелеуді көздеді.
Қазақ отбасында баланың ерте есеюіне көп көңіл бөлген . Оны жүзеге асыруда олар үлгі-өнеге көрсету, жауапкершілікке арту әдістерін шебер пайдаланған. Баланы ерте жастан-ақ жауапты іс-әрекетке тартып отырған. Мысалы, бес жасында атқа мінгізіп, бәйгеге қосу, қозы баққызу, үлкендердің арасындағы дауды шешу, келіссөз жүргізу т.с.с. істерге бірге ертіп жүрген. Сондай-ақ қазақ отбасы тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор.Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтын бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемейміз. Және қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке- жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі.
Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.
Қазақ отбасындағы арнайы жазылып бекітілмеген «заңдары» әке мен ұлдың, шеше мен қыз баланың, әке мен қыздың , қыз бен жеңгенің, келін мен ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, бажа, жезде, бөлелердің арасындағы өзара қарым- қатынастары әрқайсысын әдептілікке тәрбиелеудің ерекше қымбат үлгісі іспетті.
Егер жапон халқы басқалар үшін тұйық халық болса, онда ағылшын халқы басқаларды қойып, өз ішінде тұйық халық. Олардың отбасындағы әр адам жеке өмірінің құпия болғанын қалайды. Бір сөзбен айтсақ, ағылшындықтардың жаны-өз үйінен де жақын, яғни берік қамалмен тең. Басқа халықтар үшін жанұя қиыншылық пен қуанышты бірге бөлісетін ең басты байлық болса, ағылшын халқы қиыншылық кезінде жақындарынан көмек күте қоймайды. Тіпті жақындарына көмек көрсетуді өз жауапкер- шіліктеріне алмайды.
Ағылшын халқында ең алғашқы сәби дүниеге келісімен (бай болса да) отбасындағы бар байлық тек сол балаға ғана мұраға беріледі. Оның басқа іні, сіңлілері болғанымен оларға ештеңе берілмейді олар өз тірліктерін өздері жасайды. Француздар мен немістерге қарағанда ағылшындар қыз баланың жасауына да аз көңіл бөлген. Олар баланың өмірін қамтамасыз еткеннен гөрі, олар талпынған сәтте ұядан итеруге әрекет етіп, өздіктерінен ұшуға жағдай жасайды.
Ағылшын әжелері өз немерелерін өте жақсы көргенімен, тек сенбі, жексенбі күндері ғана немерелерін қонаққа шақырып, күтеді немесе ата-аналары демалыста жүргенде бір-екі апта ғана немерелеріне қарайды. Бірақ олар тегін және үнемі бала бағушы болуға ешқашан да келіспейді.
Ағылшын отбасы баланы ішкі әлемінен аз қорғайды. Олар баланы өз ортасында, өз құрбыларымен қатар өскендіктерін қалайды. Сол себепті бала кішкентай кезінен бастап өз өзіне жауап бере алатын және әлеуметтік жауапкершілігі бар тұлға болып қалыптасады.
Ағылшын жасөспірімінің білімі аз болғанымен, қарым-қатынаста адамгершілік қасиетінің жоғары екенін, үлкендер арасында басқа шет елдік құрбыларынан гөрі өзін өте жақсы ұстай алатындығын көрсете біледі. Өзінің жанұясына жақындығы да аз сезіледі, алайда қоршаған әлеуметтік ортада өзінің құқығы мен міндеттерін жақсы біледі.
Әлеуметтік жауапкершілікке тәрбиелеу Британияда ең басты адамгершілік характердің бірі болып есептеледі. Саяси-қоғамдық жауапкершіліктер белгілі бір жаттығулар мен оқытудың арқасында емес, олар бала бойына ағылшын біліміне бағытталған тәрбие мен әр түрлі бағыттағы еркін еңбектің өмірлік тәжірибелері арқылы сіңіріледі.
Өз қалау бойынша еңбекке араласу ағылшындықтар үшін кең таралған және игі іс болып есептеледі. Өз сөздеріне қарағанда ағылшындықтар қызметтік міндеттемесі жоқ кез- келеген жұмысқа өте үлкен ықыласпен беріледі, ал қоғамдық міндет олар үшін «әлеуметтік хобби».
Қорыта айтқанда, ағылшындықтар У.Черчиллидің : «Егер жалғыз ағаш тірі қалса, ол мықты болып өседі» деген сөзін көп қолданғанды жақсы көреді екен. Ал Лондонда: Француз жанұя мен мемлекет тұрғысынан ойласа, ағылшындықтар үшін жеке тұлға мен қоғам ең басты бағыт. Бүгінде жаңашыл Ұлыбритания мектептерінде адамгершілік пен ұлтжандылық тәрбие мәселелерін қарастыратын жаңа реформа жасалған.
Мектеп психологы А.Талапакова - бүгінгі күннің трагедиясы тәрбиеден басталып жатқан жайы бар. Біз көз жұма қарап жүрген бұл өзекті мәселенің мән-жайынан қалың көпшілік хабардар. Ата-ана тәрбиелік ықпалдардан өз-өзінен шеттеуі арқылы және «Неғұрлым ертерек дербестік алса, соғұрлым жақсы болады!» деген ұранмен баланың ержету процесін бетімен жіберіп, тым жеңілтектік таныту және«жақсы болып кетерге» үміттену.
Себебі сол уақытта психологиялық, әлеуметтік өзгерістерге ұшырайды. Отбасы, ата-ана шаңырағы жасөспірім үшін өзін толық қауіпсіздікте сезінетін, қорғалатын және қабылданатын орын болуы тиіс. Халқымыздың бала тәрбиесіндегі ананың рөлін жоғары бағалағанын, ана-барлық өмірдің бастауы. Ол-адамды өмірге әкеледі. Ол-адамды адам етіп тәрбиелейді. Ал жасанды түсік болашақта бала сүю мүмкіндігін төмендетеді, яғни бедеулікке апарып соқтыратыны жайлы айтып өтті. Берік жұбайлар одағы, ата-ананы құрметтеу, ана болу, әке болу, өзара құрмет пен сенім, адалдық пен махаббат – бұл отбасылық өмір салтының және үздік отбасылық дәстүрлердің негізі, бұл БАСТЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР екені айтылды.
Ата – ананың бала алдындағы құқықтары мен міндеттері тақырыбында директордың құқықтық ісі жөніндегі орынбасары Қ.Нұрмаханбетов
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу.Бала тәрбиесі, оның жан – жақты дамуы, тұлға болып қалыптасуы қоғамымыздың, оның ішінде әрбір ата – ананың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Ата – аналардың құқықтары мен міндеттері халықаралық ратификацияланған және ҚР заңында, оның ішінде «Бала құқықтары туралы» Конвенцияда, Қр «Бала құқықтары туралы» заңында, ҚР «Білім туралы» заңында және өткен жылы толықтырылып , өзгертілген «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» заңында анықтап көретілген. Атап айтар болсақ, ҚР «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» заңың 11-тараудың «Ата – аналардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігі» деп аталатын 68-бабында ата – аналардың балаларының алдында тең құқылы, яғни отбасының еріне немесе әйеліне ерекше бір артықшылық т.б. берілмейтіні баяндалады. Сондай – ақ, бұл ата – ана құқықтары балалары 18 жасқа толғанда немесе кәмілетке толмай жатып некеге турғанда тоқтатылады. Бұл жағдайда кәмілетке толмаған, некеде тұрмаған ата – аналарда бала туылмаған жағдайда, олар 16 жасқа толғанда ғана ата – ана бола құқықтарын өз бетінше жүзеге асыра алады. Ал ата – аналар 16 жасқа толғанға дейін олардың балаларына қамқоршы тағайындалады, ол өз кезегінде ата – анларымен бірге баланы тәрбиелеуді жүзеге асырады. Ата-налардың балаларын тәрбиелеу ен білім берудегі құқықтары мен міндеттері баяндалады. Ата – аналар балаларының денсаулығына, дене бітімінің дамуына, жан – жақты өсіп жетілуіне, емдетуге, тексеруге міндетті. Ата – аналар балаларын тәрбиелеуге құқылы және міндетті, яғни балаларын рухани, эстетикалық, адамгершілік, патриоттық тәрбие беруге жауапты. Отбасылық құқық тек шартты түрде ғана отбасылық деп атауға болатын өзге де қатынастарды реттейді. Мәселен, немерелері мен әжелерінің арасындығы қатынастар; өздерінің отбасын құрып, бөлек тұратын кемелетке толған ағалары мен қарындастарының арасындағы қатынастар. Бұл көрсетілген қатынастардың негізіне көбінесе туыстық жатады, сондыктан да мұндай қатынастарды туыстық қатынастар деп атау керек. Туыстық дегенде бір негізден немесе ортақ бір атадан тарайтын қандас адамдардың байланысы түсініледі. Туыстықтың екі тармағы болады: тікелей және жанама туыстық. Тікелей туыстық адамдардың бір негізден тарайтындығына негізделеді. Туыстық жоғары және төменгі тармаққа ажыратылады. Туыстықтың жоғары тармағы ұрпақтан арғы атаға қарай тарайды (әкеге, шешеге, атаға, атаның атасына және т.б.), төменгі тармак — арғы атадан ұрпақтарына карай тарайды (балаға, немереге, шөбереге және т.б.).
Жанама тармақ адамдардың бір атадан тарауына негізделген. Мысалы, бір атадан тарайтын немере ағалары мен қарындастары; бір жағдайда ортақ атасы — әкесі, ал енді бір жағдайда — атасы болып табылатын көкесі мен жиені.
Бесінші мәселе бойынша: мектебіміздің психологы А.Талпакова - ата –аналарға қыз балаларға ерте тұрмысқа шығу мен ерте жүктіліктің тигізер зияны бойынша толық ақпарат беру, түсіндіру және алдын алу.
Бүгінгі күннің осы проблемасы, көбінесе тәрбиеден басталады. Өрімдей жас қыздардың басына түскен қасірет олардың өмірінде сызат қалдырады. Ашығын айтсақ, жас жеткіншек қыздардың оң жақта отырып-ақ, құрсақ көтеруі жиіледі. Ардан аттаған қыздың алысқа бармайтыны анық. Қыздарды
Жалпы, еліміздегі ең жас ана 6-сыныпты аяқтап отыр. Ал кәмілетке толмағандардың арасында аборт жасатуы бойынша Қазақстан үздік ондықтан бір-ақ шыққан. Дүниежүзілік сақтау ұйымының мәліметінше, табыс деңгейі төмен елдерде жыл сайын 15-19 жас аралығындағы 16 миллион, 15-жасқа дейінгі бір миллион қыз «Ана» атанады екен.Әлемде 15-19 жас аралығындағы қыздардың өліміне себепші екінші фактор –аяғы ауыр кездегі асқыну мен туу болып отыр. Жыл сайын 15-19 жас аралығындағы үш миллион қыз абортқа жүгінеді. Сонымен қатар, жасөспірім қыздардың сәбилері жиі шетінеп кетеді.
Ал еліміздегі көрсеткіш қандай?
Өткен жылы ресми 600 мектеп қабырғасында оқитын қыздардың жүкті болу оқиғасы тіркелсе, соның 3500-і жасанды түсікке жүгінген.
Ерте жүктілік –кәмілеттік жасқа толмаған қыз баланың жүкті болуы. Ол адамның психологиясын, физиологиясына кері әсерін тигізетіндіктен, алдын алу шараларын барынша қолға алып, дұрыс ақпараттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу керек. Осындай келеңсіз оқиғаға алып келетін алғашқы себеп-отбасындағы қыз балаға жыныстық тәрбиенің дұрыс берілмеуінен. Қазақ отбасында көбінесе жыныстық қатынаспен жыныстық тәрбиенің ара-жігін дұрыс айыра білмейді. Ата-аналарға осы турасында айта бастасаң, сөзіңді толық тыңдауға құлық танытпайды. Бұл дұрыс емес. Ешқашан жыныстық тәрбиені қатынаспен шатастыруға болмайды. Клиникалық сексологияда үш жастан бастап, жыныстық тәрбие беру керектігі айтылады. Яғни, рөлдік позиция бойынша 3 жасында –ақ қай жынысқа жататынын білген жөн. Қыз баласы етеккір келген кезінде анасымен гармониялық қарым –қатынаста болмаса, әртүрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Оның ең ауыр түрі жүктілікке дейін жетіп жатады. Ғаламтордан көрген, оқыған түрлі видеолар мен ақпараттар қыздың жынысық қатынасқа деген қызығушылығын оятатыны анық. Жүктілікке әкелетін себеп өте көп. Етеккір келгеннен бастап, қыздардың бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жететінін айту шарт. Десе де, оның психологиялық тұрғыдан ондай тақырыптарға дайындығына көзімізді жеткізуіміз керек. Қыз баланың психологиясына кері әсер етпейтіндей, дұрыс құлақтандырудың маңызы жоғары. Кез келген ата-ана өз қызының қылығы «түзде» болса да, дұрыс тәрбиенің арқасында теріс істердің жолын кесе алады. Кері жағдайда кей ата-аналар қыздарының жүктілігін жасанды жолмен тоқтатудан тайынбайды.
Кәмілет жасқа толмаған жеткіншіктегі секссуалды қарым –қатынасқа тарту, зорлық-зомбылық көрсету заңды түрде қылмыстық жазаға тартылады.
ҚР –ның Қылмыстық кодекснің 122 бабына сәйкес, 16 жаасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау бойынша:
1.16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасын, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасын немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау- 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге басбостандығынан айыруға жазаланады.
2. 16 жасқа толмаған адамға қатысты ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер ҚР-заңымен жүктелген өзге адам жасаған дәл сол іс –әрекеттер белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7-жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондықтан ерте тұрмысқа шығу, жүкті болу, тіпті 20-21 жастағы кей бойжеткендеріміз ана атануға дайын болмай отыр. Өздерінің балалығымен қоштаса алмай, ендігі ересек өмірге үйренісе алмай бейжай күйде жүреді. Ерте жастағы жүктілік депрессия, неврастения, созылмалы шизофрения және ашық түрлі шизофренияға шалдықтырып жатады»- дейді дәрігерлер. Сондықтан ерте тұрмысқа шығуға толықтай болмайды. Алдағы өмірін ойластырып, белгілі бір мамандық иесі атанып, мақсат қойып толықтай шешім шығарып қана алға қадам басу керек. Ол өз өміріне деген үлкен жауапкершілік. Ата-анасы алдында, келешек өзінің отбасын құру алдында да үлкен міндет.
Ата-ана тәрбиесі стилінің баланың тұлғалық дамуына әсері бойынша – ДТЖО С.Досмахамбетов - осы заманғы педагогтер және психологтар тәрбиелеуді екі жақты процесс деп қарастырады. Бір жағынан, бала дайын әлеуметтік тәжірибені меңгерсе, екінші жағынан ол өзі белсенді түрде әлеуметтік ортаға енеді.
Отбасылық тәрбие берудің стиліне көбінесе тән сипаттамаларды айыра білу қажеттілігі, педагогикалық әсер етудің әдіс-тәсілдерін нақты пайдалану, сөйлеу арқылы және біріккен іс-әрекетті жасау кезінде байқалады. Зерттеу көздерінен әдебиеттерде ата-ананың қарым-қатынасы жайлы кеңауқымды жайтты байқауға болады, тәрбиелеу стильдерінде, сондай-ақ олардың балаға тән жеке-дара ерекшеліктерінің қалыптасуында байқалуын көрсетеді. Заманауи ақпараттар ана мен бала арасындағы психологиялық қарымқатынасты басынан екі жақты, екі бағытты үдеріс, бұл жерде әрбір психологиялық біріккен процеске қатысушы белсенді серіктес болып, атаананың балаға немесе баланың ата-анаға қарым-қатынасы әсерінің бір-біріне тең әлеуметтік қарым-қатынасты орнатушы болады. Отбасы ортасының, атаананың тұлғалық ерекшеліктерінің отбасылық тәрбиелеу стилі қалыптасуына тигізетін әсері зор. Ата-ана тәрбиесі стилінің ерекшелігін айтқан кезде баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін де ескеру қажет. Алайда, баланың жеке тұлғалық жас шамасына қарай психологиялық ерекшеліктерінің тәрбиелеу стиліне әсері жайлы Қазақстандағы зерттеулер әлі жеткіліксіз. Осылайша, ата-аналардың баламен оның тұлғалық ерекшелігін ескере отырып біріккен тиімді іс-әрекет жасауы, сонымен қатар ата-аналар мен педагогтердің тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып баланы тәрбиелеу стилі мен оның мінез-құлқындағы өзгерістерді анықтауда ата-аналар мен педагогтерде өзара байланыс орнату қажеттілігі туындап отыр. Берілген мәселе 6 бойынша психологиялық-педагогикалық әдебиеттерді сараптау нәтижесі бұл сұрақ бойынша толыққанды жұмыс жүргізілмегендігін байқатты. Сонымен қатар, мектепке дейінгі және төменгі сыныптағы мектеп балаларын тәрбиелеу стильдеріндегі айырмашылықтар жайлы ақпараттар жоқ десек те болады, сондай-ақ мектепке дейінгі және төменгі сыныптағы мектеп балаларын тәрбиелеу стильдерінің осы немесе басқа мүмкін болатын талаптар негізінде құрылуы жайлы ақпараттар да тапшы. Психологтардың көпшілігінің ойынша, бала өзін қауіпсіз әрі алаңсыз сезінуі үшін анамен байланыс орнатуы өте қажет. Бірақ та, ананың махаббаты баланың тұлғалық кеңістігін тарылтпай, оның есеюіне кедергі келтірмеуі өте маңызды. Ана тек баласымен бірге болуды ғана ойламай, оны өзінен бөліп, жеке жібере де алуы қажет. Ананың бала жанынан табылуы, онымен сөйлесуі, эмоционалды қарым-қатынасқа түсуі – осының бәрі баланың әрі қарай өсуі мен денсаулығына және оның өмірлік жолына тікелей әсер етеді. «Ана махаббаты – бұл баланың сөзсіз өмірі мен қажеттіліктерінің тұрақтануы. Аналардың көпшілігі баласына «сүт» және тағы кішкене бал береді. Аналық махаббат баланың өмірге деген махаббатын оятуы керек, ал оны тек бақытты әйелдер ғана жасай алады. Олай болмаған жағдайда, балаға алаңдаушылық сезімдері беріліп, оның бәрі баланың тұлғасына қатты әсер ететінін ескертті.
Әдетте отбасы тәрбиесінің стилі балада әртүрлі психикалық жағдайлардың пайда болуына себеп болады. Бұл әлеуметтік қауіпсіздік немесе қорғансыздық сезімі, мейірімділік немесе қатыгездік, гиперактивтілік және т.б. болуы мүмкін. Демократиялық стиль былай анықталады: – бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынаста вербалды қатынастың жоғары болуы; – баланың отбасылық мәселелерге араласып, өз ойын білдіруі мен оны үлкендердің ескеруі; – қажет болған жағдайда ата-ананың көмекке келуге дайын болуы және баланың өз бетімен жетістікке жететіндігіне деген сенім; – баланы қарастырған кезде, өзіндік субъективтілікті шектеу. Демократиялық стильдегі отбасында тәрбиеленген балалар көшбасшылыққа деген қабілеттілік пен агрессивтілік, басқа балаларды бақылауға деген құштарлықпен сипатталады, бірақ ол балалардың өздері сырттай бақылауға әрең көнеді. Ол балалар дене дамуы тұрғысынан жақсы дамыған және өз қатарластарымен тез тіл табысып кететіндігімен ерекшеленетінін айтып өтті.
Біздің елімізде әр түрлі көліктер жылдан-жылға көбейіп келеді. Жаяу адамдар мен көліктегі жолаушылар саны да көбейе түсуде. Көшелер мен жолдардағы жағдай барған сайын күрделеніп келеді. Жол-көлік оқиғаларының қаупі арта түсуде. Сондықтан да жүргізушілер мен жаяу адамдардың көшелер мен жолдарда ерекше тәртіпті және мұқият болуы қажет. Жол-көлік оқиғаларының зардабынан көбіне балалар зардап шегуде. Оның себебі – көптеген мектеп оқушылары жолда жүру ережелерін әлі де болса сақтамайды. Міне, осы мақсатта бүгін «Жолда жүру қауіпсіздік ережелері» атты жол ережелері туралы айтпақпын.
Келесі мәселесі бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Абилдаева - Қазақстанда1987 жылы КСРО-да қабылданған жолда жүру ережелері қолданылды. 1998 жылдан республикада жолда жүрудің жаңа Ережелері қабылданған. Осы ережелерге сай жол белгілері мемлекеттік стандарттар негізінде анықталады. Бұл стандарттар бойынша, жол белгілері 7 топқа бөлінеді:
1. ескерту белгілері
2. басымдылық белгілері
3. тыйым салу белгілері
4. міндеттеу белгілері
5. ақпараттық-көрсеткіш белгілері
6. қызмет көрсету белгілері
7. қосымша ақпараттық белгілер (тақташалар).
- Ескерту белгілері жолдың қауіпті бөлігінің жақындағанын хабарлайды. Ол айналасы қызыл жолақпен көмкерілген ақ түсті тең қабырғалы үшбұрыш түрінде жасалып, ортасына қауіп түрін айқындайтын шартты белгілер салынады.
Басымдылық белгілері көше қиылыстарын, жолдың жіңішкерген бөлігін, кесіп өту кезектілігін белгілейді. Олар пішіндері мен түстері әр түрлі 9 жол белгілерінен тұрады.
- Тыйым салу белгілері жолдағы көлік қозғалысына белгілі бір шектеулер енгізеді немесе бұрын қойылған шектеулердің күшін жояды. Олардың пішіні дөңгелек болады, шеті қызыл жолақпен көмкеріліп, ақ түсті ортасында тыйым салатын шартты белгілер көрсетіледі.
- Міндеттеу белгілері бір бағытта немесе көліктің белгілі бір түріне ғана жүруге рұқсат етілетіндігін көрсетеді. Солға бұрылуға рұқсат ететін белгілер кері бұрылуға да рұқсат береді. Жиегі ақ жолақпен көмкерілген көк түсті, пішіні дөңгелек не тік төртбұрыш болып келетін 18 белгіден тұрады.
- Ақпараттық-көрсеткіш белгілер қозғалыстың белгілі бір режимдерін енгізеді немесе күшін жояды, сондай-ақ елді мекендер мен басқа да нысандардың орналасуы туралы хабарлайды. Олардың өлшемдері, пішіндері мен түстері әр түрлі болып келеді. Қызмет көрсету белгілері жол бойында және жолдан әр түрлі қашықтықта орналасқан қызмет көрсету нысандары туралы ақпарат береді. Пішіндері тік төртбұрыш болып жасалып, жиектері қалың көк жолақпен көмкеріледі, ақ түсті ортасында нысандар туралы шартты белгілер көрсетіледі. Олардың жалпы саны – 12.
- Қосымша ақпараттық белгілер (тақташалар) бірге қолданылатын жол белгілеріне қосымша ақпарат беруге арналған. Негізінен түсі ақ, төртбұрыш кестешелер түрінде жасалып, ортасына қосымша ақпараттардың шартты белгілері келтіріледі. Жол белгілері жолдың (жүріс бағыты бойынша) оң жағына биіктеу бағанаға немесе жолдың үстіне биіктетіп орналастырылады. Олар 100 м қашықтықтан анық көрінетіндей болып жарықтандырылады. Жол белгілері мемлекеттікавтомобиль инспекциясының келісімімен орнатылады.
Жүргізушілердің ережесі.
1. Көліктерді тек ғана отырғызу алаңдары ал жоқ болса тратуарда немесе жол жиегіне күтіп тұруға рұқсат етіледі.
2. Жүргізушілерді себепсіз алаңдатпау керек.
3. Жүк көліктердің жүк салғышына тұруға, барып қырына отыруға тыйым салынады.
Шешімі:
- Оқушыларды мектеп бөлмелеріндегі үлгілі тазалықты, сыртқы тәртіп талаптарын орындауды қамтамасыз ету.
- Ата –анамен жиі қарым қатынаста болып, түсіндіріп отыру, баланың жеке бас тазалығын сақтауға үйрету, дағдыландыру.
- Мектеп медбикесі түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу, қадағалау.
- Ата-аналарға қыз баланың тәрбиесіне бейжай қарамау керектігін әрдайым түсіндіру.
- Қыз бала елдің болашағы, үлкен жауапкершілікпен қарау.
- Ата-аналар балаларын мектепке апарып немесе алып кеткенде «Жол ережелерін» қатаң сақтасын.
- Баладан оғаш зат, немесе мінез-құлықтары өзгергенін байқаған ата-ана мектеп әкімшілігі мен мектеп психологтарын ескерту.
- Ата-аналар сынып жетекшілермен тығыз қарым қатынаста болу.
Мектеп директоры А.А.Калкабаева