25
май
2022
"Түлек 2022-Жаңа Қазақстанның ертеңі" атты соңғы қоңырау салтанатты жиыны өтті.
Темірбек Қожакев атындағы № 39 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында 25 мамыр күні "Түлек 2022-Жаңа Қазақстанның ертеңі" атты соңғы қоңырау салтанатты жиыны өтті. Жиынға ата-аналар, қонақтар, ұстаздар 1,8,9,10 сынып оқушылары, мектеп түлектері және ардагер ұстаз Мадина Мұстафина қатысты. Соңғы қоңырау басталған кездегі үш толқын ұрпақтың: ата-аналар мен ұстаздардың, оқушылардың жүздеріндегі алаулаған шаттықты, көздеріндегі шуақты нұрды, көңілдеріндегі алабұртқан сезімді көргенде, кімнің де болса жан дүниесі толқымай тұра алмайды. Биылғы 11- сыныптар бойынша барлығы 48 түлек ұшқалы тұр. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздарымыз ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қоштасты. Мектеп директоры Қалқабаева Асипа Асанқызы 11 сынып оқушыларына сәулелі жұлдыздар ретінде болашақтарын жақсылыққа болжап, құттықтау тілегін білдірді. Жыл сайынғы дәстүр бойынша оқу жылында мектебіміздің абыройын Халықаралық, Республикалық, Облыстық деңгейде көрсеткен білімді, озат, өнерлі оқушыларымыз бен кәсіби шебер ұстаздарымыз үздіктер шеруіне шақырылды. Мектеп бітіруші түлектер мерекелік құттықтауларын айтып, жүрек жарды өлеңдерін көпшілікке тарту етті. Жиын соңында салтанатты қоңырау соғу құрметіне мектеп түлектері мен 1-сынып білім алушыларына тапсырылды. Ал мектебіміздің 2022 жылғы жас түлектерімізге мектеп ұжымы атынан соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!